Алматыда Сәтбаев көшесіндегі арық неге жабылып жатыр: әкімдік жауабы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Сәтбаев көшесінде арықтардың тақталармен жабылып жатқаны тұрғындардың шамына тиді. Алайда әкімдік мұның арық жұмысына кедергі келтірмейтінін айтады.

Алматыда Сәтбаев көшесіндегі арық неге жабылып жатыр: әкімдік жауабы
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желілерде жұмысшылардың арықтардың үстіне тақталар орнатып жатқан видеосы тарады. Осыған байланысты қала тұрғындары арықтарды жабудың себебіне қызығушылық танытты.

Қала әкімдігінің түсіндіруінше, аталған учаскеде веложол салынып жатыр. Орын тапшылығына байланысты велосипедшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасыл желектерді сақтап қалу мақсатында арықтың ұзындығы шамамен 5-7 метр болатын бөлігін тақталармен жабу туралы шешім қабылданған.

Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, қазір Сәтбаев көшесінің Байзақов көшесінен Луганский көшесіне дейінгі аралығында кешенді абаттандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында жаяу жүргіншілер аймағын кеңейту, велоинфрақұрылым салу, көгалдандыру және сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту көзделген.

Атап айтқанда, Мүсірепов көшесімен қиылысатын тұста, Сәтбаев көшесінің оңтүстік жағында орын тапшылығына байланысты арықтың 5-7 метрлік бөлігін арнайы тақталармен жабу қарастырылған.

— Бұл шешім жасыл желектерді айтарлықтай қысқартпай, веложол салуға мүмкіндік береді. Арықтың жабылған бөлігінен өткен соң веложол жобада белгіленген бағыт бойынша әрі қарай жалғасады, — деп хабарлады басқарма.

Сонымен қатар арық жүйесі толығымен сақталады. Оның суды бұру қызметі өзгермейді. Арықтың үстін жабу тек шағын учаскеде жүргізіледі және су ағатын науаларды кейін де күтіп-ұстауға мүмкіндік қарастырылған.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, жұмыстар бекітілген жоба аясында жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат — қолданыстағы су бұру жүйесін сақтай отырып, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.

Еске салсақ, Алматының арық жүйесінде ақауы бар 124 учаске анықталды.