Алматыда электр самокаттарға шектеу қойылуы мүмкін: мәселе мәслихатта талқыланды

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда электр самокаттарды пайдалану мәселелерін талқылаудың жалғасы ретінде жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Алматы мәслихатының мәліметінше, негізгі бастамалардың қатарында:

- «Сергек» жүйесі үлгісінде құқықбұзушылықтарды тіркеу камераларын орнату;
- самокаттар санына шектеу қою және бірыңғай тұрақтар желісін құру;
- пайдаланушылардың жауапкершілігін міндеттеу;
- үлкейтілген нөмірлерді енгізу және бірыңғай техникалық стандарттарды бекіту ұсыныстары бар.

Сонымен қатар мектептер, балабақшалар, медицина мекемелері және өзге де әлеуметтік нысандар маңында, сондай-ақ жаяу жүргінші көп жүретін көшелерде жылдамдықты шектеу, жаңа жол жобаларына веложолақтарды қосу ұсынылды.

- Жеке түрде самокатпен саябақтарда, скверлерде және тротуарларда жүруге тыйым салу, оларды пайдалану ережелерін жергілікті атқарушы органдардың бекітуі мәселелері талқыланды. Ұсыныстар шешім қабылдау үшін мемлекеттік органдармен, шеринг операторларымен және қоғам өкілдерімен бірлесіп пысықталатын болады, - деп хабарлады мәслихаттан.

Еске салайық, Алматыда самокат мінген екі қызды автобус қағып кеткенін жазғанбыз.

Оған дейін Алматыда самокат айдаған жасөспірімдер нәресте арбасын қағып кетті.