Алматыда электрлі велосипедті жалға алғандар әр минутына төлейді

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда алдағы уақытта велосипедтерді жалға берудің жаңа жобасы іске қосылады.

Алматыда бірнеше жылдан бері Almaty Bike велосипедтерді жалға беру қызметі тоқтап тұр. Осыған байланысты бұрын қалалық мобилділік басқармасына сауал жолдаған едік.

Ведомство өз жауабында бұл жүйені одан әрі дамыту «Алматы Паркинг» мекемесіне жүктелгенін хабарлады.

Kazinform агенттігі бұл мәселені тағы да нақтылап, «Алматы Паркинг» мекемесіне жүгінді. Қалалық мобилділік басқармасына қарасты бұл мекеме қазіргі таңда жоба бойынша қаржыландыру негіздемесі бекіту сатысында екенін мәлімдеді.

Атап айтқанда, электровелосипедтер мен қосымша жабдықтарға қойылатын техникалық талаптар айқындалып, бағдарламалық қамтамасыз етуге арналған техникалық негіздеме әзірленіп жатыр.

Бюджет пен қаржыландыру көздері аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін анықталады.

Фото: Мақсат Жексенбеков/ Kazinform

— 2 мың электровелосипед сатып алу жоспарланып отыр. Құрылғыларды өндіруші ел мен жеткізуші ұйым қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс нәтижесінде айқындалады, — делінген мекеме жауабында.

Сонымен қатар «Алматы Паркинг» мәліметіне сәйкес, жаңа велосипедтерді қою үшін бұрынғы Almaty Bike-та секілді арнайы станциялар жасалмайды.

— Тұрақ үшін мобильді қосымша картасында көрсетілетін арнайы белгіленген тұрақ аймақтары (геопозиция) жеткілікті, — деп хабарлады мекемеден.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Одан бөлек коммуналды электровелосипедтерді жалға беру жүйесінің жаңа жобасы аясында нақты қолдану уақытына негізделген минуттық төлем жүйесі енгізілмек.

Яғни, электрвелосипедке мінген азамат оны қолданған минутына қарай төлем жасайды. Қазіргі уақытта электрсамокаттарда осындай жүйе қолданылады.

— Мұндай тәсіл қысқа қашықтыққа сапар шегетін пайдаланушылар үшін, сондай-ақ көлік құралының осы түрін сынап көруге ниетті азаматтар үшін қолайлы әрі үнемді болмақ, — делінген жауапта.

Еске салайық, бүгінгі күні Алматы қаласында 89 шақырым велоинфрақұрылым бар. Оның ішінде: веложолақтар — 25 км, веложолдар — 63,8 км.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Almaty Bike неге қайта іске қосылмады?

Бұған дейін мегаполисте Almaty Bike велосипедтерді жалға беру қызметі неліктен тоқтап қалғанын жазғанбыз.

2024 жылы Almaty Bike жұмысын қамтамасыз ету үшін Қалалық мобилділік басқармасы мемлекеттік сатып алуға 3 конкурс өткізген.

Алғашқы екі байқау қызмет көрсетушілердің болмауына байланысты тоқтатылған.

Ал үшінші конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаз болып «Гео Проект Инжиниринг» ЖШС анықталып, 4 қазан күні қызмет көрсетуге шарт жасалған.

Алайда кейін аталған ұйыммен жасалған шартты жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап-арыз жолданып, сот талқылауы өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда биыл қанша шақырым веложол салынатынын жазғанбыз. 

Фото: Александр Павский/ Kazinform