Веложолдар мен Almaty Bike: мегаполисте велоинфрақұрылым қалай дамымақ

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда алдағы жылдары велоинфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жалғасады.

велосипеды велосипедтер
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні Алматы қаласында 89,8 шақырым велоинфрақұрылым бар. Оның ішінде: веложолақтар — 25,6 км, веложолдар — 64,2 км.

Одан бөлек қала бойынша вело-секциясы бар 73 бағдаршам және велосипедшілерге арналған 1025 жол белгісі бар.

велосипед
Фото: Pixabay

— Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Мәселен, Алматы қаласы дамуының 2027 жылға дейінгі бас жоспарына сәйкес, алдағы жылдары ұзарту жоспарланған Саин көшесі, Төле би көшесі, Абай даңғылы, Жұбанов көшесі, Рысқұлов даңғылы, Тілендиев көшесі, Солтүстік айналма көшесі, Мұқанов көшесі, Хмельницкий көшесі, Райымбек даңғылында жоба аясында тиісті велоинфрақұрылым қарастырылатын болады, — делінген басқарма жауабында.

2024 жылы Саин - Мөңке би жолайрығының құрылысы аясында 2,4 км веложол салынған. 2025 жылы Абай даңғылын және Саин көшесін ұзарту жұмыстары аясында 7,2 км салу жоспарланған.

Сондай-ақ Райымбек батыр даңғылы бойынша BRT желісін салу жұмыстары аясында шамамен 15 км веложол салынады.

Алматы қаласы бойынша Велоспорт федерациясының президенті Бахтияр Мамыров мегаполисте велосипедшілер көбейіп келе жатқанын атап өтті. Сондықтан оның айтуынша, қалада көшелерінде веложолдарды көбейту қажет.

Велоспорт федерациясының президенті Бахтияр Мамыров
Фото: Спикердің жеке мұрағатынан

— Алматыда соңғы 5 жылда велосипедпен жүретін адамдардың саны айтарлықтай артты. Оған қала жолдарындағы кептеліс, адамдардың салауатты өмір салтына көшуі, саябақ пен қала көшелерінде веложолдардың артуы себеп болды деп ойлаймын. Дегенмен, Алматыда Еуропаның кез келген қаласымен салыстырғанда велоинфрақұрылым әлі де аз, веложолдарды көбейту керек. Ал екі дөңгелекті көлікке арналған жолдардың сапасын 5 балдық есеппен 3 деп бағалар едім, — деді Алматы қаласы бойынша Велоспорт федерациясының президенті Бахтияр Мамыров.

Айта кеткен жөн, мегаполисте велосипедшілердің көбеюімен қатар олардың қатысы бар жол апаттарының саны да артқан. Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Алматыда велосипедшілер 60 жол-көлік оқиғасына ұшыраған және салдарынан 58 адам жарақат алған. Бұл жол-көлік оқиғаларында қайтыс болған адамдар жоқ.

Велосипед транспорт Астана Astana bike
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Almaty Bike қайта іске қосыла ма

Бұған дейін мегаполисте Almaty Bike велосипедтерді жалға беру қызметі неліктен тоқтап тұрғанын жазғанбыз.

2024 жылы Almaty Bike жұмысын қамтамасыз ету үшін Қалалық мобилділік басқармасы мемлекеттік сатып алуға 3 конкурс өткізген. Алғашқы екі байқау қызмет көрсетушілердің болмауына байланысты тоқтатылған.

Ал үшінші конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаз болып «Гео Проект Инжиниринг» ЖШС анықталып, 4 қазан күні қызмет көрсетуге шарт жасалған. Алайда 21 қазан күні аталған ұйыммен жасалған шартты жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап-арыз жолданып, сот талқылаулары басталды.

Kazinform агенттігі бұл мәселеге байланысты жауапты ведомствоға тағы да сауал жолдады. Қалалық мобильділік басқармасы бұл жүйені одан әрі дамыту «Алматы Паркинг» мекемесіне жүктелгенін хабарлады.

— Қазіргі уақытта «велошеринг», велосипедтерді жалға беру әлеуметтік жүйесін одан ары дамыту мақсатында электр-велосипедтерге көшу мәселесі қарастырылып жатыр. Сол себептен осы жылға Almaty Bike жүйесін ұстауға тиісті қаражат қарастырылмаған болатын. Бұл жүйені одан әрі дамыту «Алматы Паркинг» мекемесіне жүктеледі, — делінген ведомство жауабында.

Өз кезегінде агенттік сауалына жауап берген «Алматы Паркинг» мекемесі алдағы уақытта 2 мың электр-велосипедті қала көшелеріне шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

— Велосипедтерді жалға алу жүйесі оны пайдаланушыларға қаладағы қозғалыстың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Осы жоба үшін Алматы қаласының коммуналдық меншігінде болатын бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін әзірлеу жоспарланып отыр. Жобада PAS жүйесі бар электрлік велосипедтер болады, мұнда педальдің қарқындылығы велосипедтің қозғалысын қамтамасыз етеді және газ тұтқасы болмайды. Айтылған жобаны 2000 электр-велосипедпен іске қосу жоспарланған. Дегенмен, болашақта олардың саны ұлғаюы да мүмкін, — деп хабарлады «Алматы Паркинг».

Еске салайық, бұған дейін Алматыда осы жылы жол инфрақұрылымына байланысты қандай жобалар басталатынын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар