Алматы полициясының мәліметінше, оқиғаның соңғы сәттері бейнебақылау камералары мен жол бойымен өтіп бара жатқан көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған.
Электросамокат мінген ер адам жолдың сол жақ шетімен келе жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жылдамдығы сағатына шамамен 90 шақырым болған.
Шығыс айналма автомобиль жолында ол алдында келе жатқан көлікті басып озбақ болған. Сол сәтте басқару тізгінін жоғалтқан. Осылайша ер адам асфальтқа құлады. Соққыдан қорғаныш дулығасы да басынан ұшып кеткен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен. Алайда 54 жастағы ер адам алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды.
Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Жыл басынан бері қалада электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 96 адам жарақат алған. Ал мынау адам өліміне әкелген алғашқы болып отыр.
Еске салайық, Алматыда 9 мыңнан астам электросамокат айып тұрағына қойылған еді.