Алматыда Esentai Mall маңында жаңа қозғалыс кестесі енгізіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда әл-Фараби даңғылының Esentai Mall сауда ойын-сауық орталығы маңындағы бөлігінде жол қозғалысын ұйымдастыру сызбасы өзгерді. Бұл шара көлік қозғалысын реттеп, жол қауіпсіздігін арттыру және жүргізушілердің жолақтарды ретсіз ауыстыруына жол бермеу мақсатында қолға алынды.

Фото: Алматы әкімдігі

Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, бұған дейін сауда орталығынан шыққан жүргізушілер бірден көршілес жолақтарға ауыса алатын. Соның салдарынан бірнеше көлік қатар маневр жасап, сол жақ шеткі жолаққа ұмтылады. Бұл жолдағы қозғалыстың баяулауына және көліктердің біркелкі жүрмеуіне себеп болған.

Енді солтүстік бағытта Үшкемпіров көшесінен Есентай өзеніне дейінгі аралықта қозғалыс сызбасы реттелді. Сауда орталығынан шыққан көліктердің бірден жолақ ауыстыруына шектеу қойылып, тұтас жолақ сызықтары сызылды.

Енді бірнеше көліктің бір уақытта маневр жасауын азайып, көлік санын жолақтарға біркелкі бөлуге және осы учаскедегі қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік беріледі.

Жүргізушілерден қозғалыс сызбасындағы өзгерістерді ескеріп, жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын сақтау және Жол қозғалысы ережелерін басшылыққа алу ұсынылды.

Еске салайық, Алматыдағы жол жөндеу жұмыстарына байланысты автобустардың бағыты өзгерген еді.