Алматыда есірткі таратқан 6 жасөспірім ұсталды: олар 10 жылға дейін қамалуы мүмкін

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жастар арасында есірткі тарату деректері көбейіп келеді: жыл басынан бері осындай 158 факт анықталған. Былтырғы осы кезеңде мұндай 132 дерек тіркелген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Polisia.kz

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сұлушаш Досболова жыл басынан бері есірткі құқықбұзушылықтары үшін алты кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталғанын айтты. Олардың арасында Алматыдағы колледждердің бірінде оқитын екі студент қыз бар.

– Есірткі құқықбұзушылықтары үшін ұсталған алты кәмелетке толмаған азаматтың тек үшеуі ғана Алматыда оқыған. Тағы екеуі – мектеп оқушысы, ал біреуі – Алматы облысындағы колледж студенті. Олар қала сыртында оқиды, бірақ құқықбұзушылық жасау үшін Алматыға келген, қала аумағында жүрген, – деді ол.

Оның айтуынша, алты қылмыстық істің барлығы қаралып жатыр. Жасөспірімдерге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Ұсталған «закладчиктердің» ең кішісі небәрі 16 жаста, ол 10-сынып оқушысы.

Спикер бүгінде жастар арасында синтетикалық есірткілер мен психоактивті заттар кеңінен таралғанын атап өтті. Дәл осы заттар жасөспірімдер мен студенттер үшін негізгі қауіпке айналып отыр. Ал оларды таратудың басты арнасы – анонимді интернет-дүкендер, мессенджерлер және «закладка» жүйесі.

Сонымен қатар марихуана мен гашиш тарату фактілері де тіркеліп келеді. Алайда құқық қорғау органдарын ең көп алаңдататыны – синтетикалық есірткілер. Себебі олар тәуелділікті тез қалыптастырып, адамның психикалық әрі физикалық денсаулығына ауыр зардап келтіреді.

– Ерекше алаңдататыны – көптеген жастар синтетикалық заттарды «жеңіл» немесе «қауіпсіз» есірткі деп қате қабылдайды. Іс жүзінде бір рет қолданудың өзі ауыр психикалық бұзылысқа, суицидтік мінез-құлыққа, ағзадағы қайтымсыз өзгерістерге және өлімге әкелуі мүмкін. Бұл заттар интернет, мессенджерлер және анонимді онлайн-платформалар арқылы белсенді таралады, сондықтан жасөспірімдер мен жастар үшін аса қауіпті, – деді Сұлушаш Досболова.

Полициядағылардың айтуынша, жасөспірімдер мен студенттерді тез ақша табумен қызықтырып «закладчик» қызметіне тартады.

– Көптеген кәмелетке толмағандар есірткі таратуға бір рет қатысудың өзі ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсінбейді. Есірткі өткізгені үшін жауапкершілік аса ауыр қылмыстар санатына жатады және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сондықтан біз жасөспірімдермен, студенттермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық жұмысқа ерекше назар аударамыз, – деді спикер.

Интернет арқылы есірткі сатуды және есірткі жарнамасын анықтау үшін есірткі қылмысына қарсы бөлімшелер киберполициямен және басқа да профильдік қызметтермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Мониторинг әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, сайттарда және жабық интернет-арналарда жүргізіледі. Әсіресе есірткі дүкендерін, Telegram-арналарды және есірткі сататын платформаларға сілтемелерді жарнамалайтын граффитилерді анықтауға ерекше көңіл бөлінеді.

Анықталған ресурстар «Кибернадзор» жүйесі арқылы бұғатталады. Сонымен қатар платформалардың әкімшілерін және тыйым салынған заттарды таратуға қатысы бар адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Полициядағылардың сөзінше, қазіргі таңда есірткі қылмыстарының едәуір бөлігі интернет пен цифрлық технологиялармен байланысты. Сондықтан кибересірткі қылмысына қарсы күрес негізгі басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Еске сала кетсек, Алматыда есірткі саудасымен айналысқан үш ағайынды ұсталды.