Алматыда есірткіге тәуелді адамдардың саны азайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда есепте тұрған есірткіге тәуелді адамдар азайды. Қазір наркологтардың бақылауында 1 148 адам бар, бұл былтырмен салыстырғанда 2% аз. Жыл басынан бері 300-ден астам адам стационарлық ем қабылдап, оның ішінде 19 науқас есептен шығарылды.

Фото: Kazinform

Психикалық денсаулық орталығы директорының наркологиялық қызмет жөніндегі міндетін атқарушы орынбасары Айгүл Әбдікерованың айтуынша, қаладағы нашақорлық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда — 47,9 адам. Былтыр бұл көрсеткіш жоғары болып, 100 мың тұрғынға шаққанда 50,8 адам болған. Есепте тұрған кәмелетке толмағандардың саны да 17-ден 12 адамға дейін едәуір азайыпты.

Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

— Біз оң динамиканы байқап отырмыз. Бұған тек емдеу шаралары емес, белсенді профилактикалық жұмыстар да ықпал етіп жатыр. Есірткіні қолданудың салдары туралы ақпарат алатын адамдар саны артып, олар дер кезінде көмекке жүгіне бастады. Ем неғұрлым ерте басталса, толық сауығып кету мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады, — дейді Айгүл Әбдікерова.

Биылғы алғашқы бес айда есірткіге тәуелді 63 адам есепке алынды, оның ішінде кәмелетке толмаған бір жасөспірім де бар. Осы уақытта 65 адам бақылаудан, толық сауыққан 19-ы есептен шығарылыпты.

Психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, биылғы бес айда есірткіге тәуелділігі бар 300-ден астам адам стационарлық ем қабылдаған.

Маусым айында Алматыда Нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күнге орай бірнеше іс-шара өтпекші. Атап айтқанда, 5 маусым күні сағат 09:00–де Медеу ауданы әкімдігі мен «Наркостоп» ұйымын бірлесіп «Есірткісіз өмір» атты флешмоб ұйымдастырады. Акция барысында тұрғындар психологтар мен дәрігер-наркологтардан кеңес ала алады.

19 маусым күні сағат 09:00–ден 13:00–ге дейін Мақатаев көшесі, 10 мекенжайында орналасқан Психикалық денсаулық орталығында Ашық есік күні өтпек. Барлығы мамандардан тегін кеңес алып, өздерін мазалаған сұраққа жауап ала алады.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет есірткіге қарсы күрес бойынша жаңа шараларды қолға алғанын хабарлаған едік.