ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаржыны жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталып, күдікті қамауға алынды.
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген тергеу барысында 2023–2024 жылдары компания төрт жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен қаржы алғаны анықталған. Жобалар аясында өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін және микронутриенттермен байытылған ұн өндіру жоспарланған.
Бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдық сатып алу, өндірістік орынжайларды дайындау, шикізат пен бөлшектер алу, жабдықтарды орнату және жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Алайда тергеу кезінде сатып алынған жабдықтардың жобаларда көрсетілген өнімдерді өндіруге жарамсыз екені анықталды.
Қаражатты заңсыз шығару үшін күдіктімен байланысы бар адамдардың атына тіркелген «SMART 15» ЖШС пайдаланылған. Жабдық сатып алу және түрлі қызметтерге ақы төлеу деген желеумен осы компанияның есепшоттарына 736,4 млн теңге аударылған.
Бұдан бөлек, іске «Фабрика рекламы Шымкент», «Jana tan» ЖШС, «Sisters Brand KZ» жеке кәсіпкерлігі және басқа да кәсіпкерлік субъектілері тартылған.
-Тергеу дерегінше, жобалардың орындалуын бақылау жұмыстары іс жүзінде жүргізілмеген. Мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай және атқарылған жұмыстарды тексермей рәсімделген. Құжаттарды «Bal halal» ЖШС қызметкерлері дайындап, мониторинг топтарының мүшелері қол қойған. Осылайша қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау жүргізіліп жатқандай көрініс жасалған,-делінген хабарламада.
Сонымен қатар күдікті заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың 88,5 млн теңгесін заңдастыру мақсатында «Bal halal» ЖШС есепшоттарына қолма-қол енгізген. Бұл соманы жобаларды бірлесіп қаржыландыруға қосқан өз қаражаты ретінде көрсеткен.
Тергеу мәліметі бойынша, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 945 млн теңгені құраған.
Сот санкциясымен күдіктінің жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде бес жер телімі, төрт автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық үй-жай және зергерлік бұйымдар бар.
Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Айта кетейік, кеше Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылыми зерттеулерге және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаражат толық ғылымға бағытталмағаны туралы айтты.