Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, құрылыс-монтаж толық аяқталды. Қазір бекітілген кестеге сәйкес іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Станция аумағы абаттандырылып, шамамен 400 автотұрақ орны жасалған.
— Станцияны 1 желтоқсанға дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл — қаланың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Алдағы үш жылда батыс бағытта тағы үш станция салу қажет, — деді Алматы әкімі.
Еске салайық, Алматыда «Қалқаман» бекетінің жобасы 2020 жылы қолға алынды. 2022 жылы құрылыс басталды.
Бұған дейін бекет құрылысымен айналысып жатқан компания қаржыландыру бірқалыпты бөлінбегендіктен, жұмыс қарқыны төмен болғанын мәлімдеді: 2020 жылы — 190 млн теңге, 2021 жылы — 600 млн, 2022 жылы — мүлдем қаржы бөлінбеген. Негізгі қаржы 2023 жылдан бастап түсе бастаған: 9,2 млрд (2023), 2,3 млрд (2024), 28 млрд (2025), ал 2026 жылы тағы 17 млрд теңге қарастырылған.
Негізі станцияны бастапқыда 2025 жылы ашу жоспарланған еді. Оның іске қосылуы тәулігіне жолаушы санын 20 мың адамға арттырады деп жоспарланған. Алайда кейін мерзім 2026 жылға шегерілді.
Сондай-ақ «Қалқаман» бекеті 99%-ға дайын екені айтылды.