Алматыда Қалқаман метро бекетіне дейінгі туннель толық қазылды

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда метроның жаңа бекетіне дейінгі туннель қазу жұмыстары аяқталды.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қолданыстағы «Бауыржан Момышұлы» метро бекеті мен жаңа «Қалқаман» бекеті арасында ұзындығы 1593 метр болатын оң бағыттағы тоннельді қазу жұмыстары толық аяқталды.

- Қазіргі уақытта теміржол тұтас табанды технология бойынша төселіп жатыр. Сол жақ бағыттағы тоннель толық дайын: онда рельстер мен байланыс рельсі орнатылып, барлық инженерлік желілер монтаждалған, - деп хабарлады әкімдіктен.

Сонымен қатар жаңа бекеттің құрылысы аяқталған. Онда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, Алматыда «Қалқаман» бекетінің жобасы 2020 жылы қолға алынды. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталды.

Бұған дейін бекет құрылысымен айналысып жатқан компания қаржыландыру бірқалыпты бөлінбегендіктен, жұмыс қарқыны төмен болғанын мәлімдеді: 2020 жылы – 190 млн теңге, 2021 жылы – 600 млн, 2022 жылы – мүлдем қаржы бөлінбеген. Негізгі қаржы 2023 жылдан бастап түсе бастаған: 9,2 млрд (2023), 2,3 млрд (2024), 28 млрд (2025), ал 2026 жылы тағы 17 млрд теңге қарастырылды.

Алматы әкімдігі «Қалқаман» метро бекетінің құрылысын 2026 жылдың алғашқы жартысында аяқтауды жоспарлап отырғанын нақтылады.