Алматыда Канье Уэст концерті өтетін күні көлік қалай қатынайды

АСТАНА. KAZINFORM — 15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда YE концерті өтеді. Көрермендердің қауіпсіздігі мен қолайлы жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін қалада жол қозғалысын ұйымдастыру және қоғамдық көлік жұмысына қатысты қосымша шаралар қабылданады.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сағат 15:30–дан бастап Орталық стадион маңында көлік қозғалысы кезең-кезеңімен шектеле бастайды. Сәтбаев көшесінің Байтұрсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылады.

Қауіпсіздік қызметтерінің шешімімен стадионға іргелес жолдардың жекелеген бөліктері де уақытша жабылуы мүмкін. Бұл ретте Абай даңғылындағы қоғамдық көлік қозғалысы қалыпты режимде жүзеге асырылады.

Көлік ағынын реттеу және кептелістің алдын алу үшін жергілікті жерлерде полиция департаментінің қызметкерлері кезекшілік атқарады.

— Концерт аяқталғаннан кейін көрермендерді қаланың алты бағыты бойынша 60 тегін шаттл тасымалдайды. Автобустар Орталық стадионнан Алматы Аренаға, «Алатау» метро бекетіне (Райымбек батыр маңы), Алматы-1 теміржол вокзалына, Орбита шағынауданына, Жұлдыз шағынауданына және Алматы халықаралық әуежайына қатынайды, — деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Сондай-ақ қоғамдық көлік пен метрополитен жұмысы күшейтіледі. «Байқоңыр» метро бекеті сағат 21:00–де жолаушылар үшін жабылады. Концертке келушілерге «Абай» және «Мұхтар Әуезов атындағы театр» станцияларын пайдалану ұсынылады. Метро жұмысы кемінде сағат 01:00–ге дейін, ал қажет болған жағдайда сағат 03:00–ге дейін ұзартылады.

Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, көлік қозғалысына енгізілетін уақытша шектеуді ескеру және мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалану ұсынылады.

Еске салайық, Канье Уэст 14 тамыз сағат 21:00-де өтуге тиіс еді. Алайда ауқымды шоудың басталуына саналуы минуттар қалған кезде ұйымдастырушылар концерт бір күнге шегерілгенін хабарлады. Бұл шешім қауіпсіздік мақсатында қабылданған.