Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару табылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған атыс қаруы жасырылған орын анықталды.

Фото: Видеодан скрин

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында Алатау ауданындағы жеке үйлердің біріне жақын аумақтан қару сақталған жасырын қойма табылды.

— Жасырын орында бұрын қару-жарақ дүкенінен қолды болған екі қос ұңғылы мылтық сақталғаны белгілі болды. Тәркіленген қарулар сот-баллистикалық сараптамаға жолданды, — деп хабарлады департаменттен.

Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жалпы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркіленді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда пневматикалық қару мен пышақтарды желіде сатқандар анықталды.