Алматыда қарауыл жасағының қызметтік көлігінен қашып кеткен сотталушы ұсталды

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда сотталушы қарауылшы жасақтың қызметтік көліктен қашып кеткен ер адам ұсталды. Ол ұрлық жасады деп айыпталған.

– Алматының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы облысы аумағында іздеуде жүрген, қарауыл көлігінен қашып кеткен К.Е.Аубакри есімді азаматты ұстады. Қазір қашып кету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, 4 желтоқсан күні сотталушы қарауыл жасағы қызметтік көлігінен қашып кеткені туралы жазған едік. Бұрын хабарланғандай, күдікті бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін ұсталған еді.

Бұған дейін Талғар аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторынан қыз зорлады деген күдікпен қамауда отырған азамат қашып кеткенін жазғанбыз. 

Кейін күдікті К. Тереңқара ауылының шетінде ұсталды.