Алматыда қарттар айлығы қалай өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Халықаралық қарттар күнін мерекелеу аясында қарттар айлығы өтеді. Қарттар айлығы аясында Алматы қаласының белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнеткерлерге, яғни орталық қызмет алушыларына арналған бірқатар ірі іс-шара ұйымдастырады.
1 қазан күні сағат 11.00-де Қарттар айлығының ашылуына орай Тұңғыш Президент саябағының алдында 300-ден астам адам қатысқан скандинавиялық серуендеу фестивалі өтеді. Бағдарламада жаппай флеш-моб, скандинавиялық серуендеу бойынша командалардың көрсетілімдері, шығармашылық нөмірлер бар. Фестивальге Алматы қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Алатау, Бостандық, Әуезов, Жетісу, Наурызбай және басқа да аудандардың командалары қатысады.
1-4 қазан аралығында Алматы қаласының тарихи музейінде зейнеткерлердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі өтеді. Көрмеге 20-дан астам қызмет алушылардың 90 жұмысы қойылады.
4 қазан сағат 11:00-де Ават ауылында «Егін мерекесі» атты көшпелі іс-шара өтеді. Онда зейнеткерлер концерті, еселі еңбегі және «Агрокраудсорсинг» белсенді қатысушыларының мол өнімдері үшін марапаттау рәсімі, сондай-ақ «Табиғат сыйы» көрмесі ұйымдастырылады.
10 қазанда сағат 14:00-де «Асыл қазынам» ұзақ өмір сүру фестивалі өтеді. Бағдарламада шығармашылық қойылымдар, флешмобтар, дефиле, шеберлік дәрістері, домбыра оркестрі және спорттық көрсетілімдер, зейнеткерлердің шығармашылық жұмыстар көрмесі болады. Фестиваль Абылай хан көшесі, 83 мекенжайындағы «Қазақконцерт» ғимаратында өтеді.
18 қазанда сағат 11:00-де Атакентте Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнеткерлері қолдан жасаған қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өтеді.
30 қазан сағат 14:00-де Қарттар айлығы «Менің жылдарым – менің байлығым» атты балымен салтанатты түрде жабылады. 200-250 адам қатысатын бал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтеді.
Бұған қоса, Алматы қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Республика күніне орай концерттер мен кештер өтеді:
- 22 қазан сағат 15:00-де Төле би, 24в мекенжайындағы Медеу бөлімшесі «Көк тудың желбірегені» атты поэзия кешін өткізеді.
- 23 қазанда, сағат 12:00-де Мәуленов көшесі, 46а мекенжайындағы орталықта Республика күнімен Қарттар айлығына арналған салтанатты іс-шара өтеді.
- 24 қазанда, сағат 11:00-де Сейфуллин даңғылы, 597 мекенжайындағы Бостандық бөлімшесі Республика күні мен Қарттар айлығына арналған «Қарттарым – асыл қазынам» атты концерт өткізіп, аға буын өкілдері қарттарға құттықтап, сөз сөйлейді.
Айта кеткен жөн, Алматы қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қарт адамдарға денсаулықты қолдау, қолайлы орта құру және аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын арттыру бойынша көмек көрсетуге бағытталған. Биыл орталықта және оның бөлімшелерінде 4899 зейнеткер тіркеліп, оларға 179 988 қызмет көрсетілген. Орталыққа күніне орта есеппен 512 адам келеді. 8 бағыт бойынша 40-тан астам әлеуметтік қызмет түрі көрсетіледі. Белсенді ұзақөмір сүру орталығының бас кеңсесі Алматы қаласы, Мәуленов көшесі, 46а мекенжайында орналасқан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда «Алтын жас» бағдарламасымен 355 зейнеткер жұмысқа орналасқанын жазғанбыз.