Алматы тұрғындары көшелердің қайта-қайта қазылуына қатысты шағымданды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл сайын жазғы уақытта инженерлік желілерді ауыстыру және ауқымды жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Алайда кейде тым ұзаққа созылған не дұрыс жоспарланбаған жұмыстарғ тұрғындардың ашуын тудырады. Әлеуметтік желілерде алматылықтар қозғалысты шектеп, айналма жолдармен жүруге, кептелісте тұруға және ауыр техниканың шуын естуге мәжбүр ететін жөндеу жұмыстарына жиі реніш білдіреді. Әсіресе, сапалы жол төселіп, кейін инженерлік желілерді ауыстыру үшін оны қайта сыпырып, барлық жұмыстар біткен соң, сапасыз асфальт төсеу мәселесі тұрғындар назарынан тыс қалмайды.

Оған айқын мысалдардың бірі — Мыңбаев көшесі. Өткен жылы Мыңбаев көшесінің Манас көшесінен Түркебаев көшесіне дейінгі бөлігінде «Алматы су» мекемесінің тапсырысы бойынша жаңа магистральды су құбыры жүргізілген. Алайда жаңа желілер сапасыз болып, коммуналдық қызметтерге бұл аумақты бірнеше рет қайта қазуға тура келді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

2026 жылы Мыңбаев көшесі тағы қазылды — бұл жолы Клочков көшесімен қиылыста болған апатқа байланысты желілерді ауыстыруға тура келді. Соның салдарынан асфальт бірнеше рет төселген. Ал тұрғындар қазіргі жол жабынының сапасы бұрынғыдан әлдеқайда төмен екенін айтты.

Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков коммуналдық қызметтер тарапынан барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін әкімдік қазіргі уақытша асфальтты жаңасына ауыстыратынын атап өтті.

- Биыл Мыңбаев көшесінде жолды орташа жөндеуді жоспарлап отырмыз. Асфальтты жол мамандары сияқты ешкім қайтадан сапалы төсей алмайтынын ескеру қажет. «Алматы су» мекемесінің бейіні жол жөндеу емес, бірақ су құбырын ауыстыру жобасында оларда учаскені тығыздау және асфальттау міндеттемесі бар. Дегенмен, бұл жұмысты орындайтын мердігер — бейінді маман емес. Сондықтан біз қазу жұмыстары толық аяқталған соң, тамыз айында сапалы жаңа асфальт төсеуге кірісеміз, — деді Азамат Қалдыбеков.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Оның айтуынша, көбіне бір көшеде жөндеу жұмыстарын әртүрлі компаниялар, соның ішінде: «АЖК», «Алматы су», «АлТС», «QazaqGaz Aimaq» жүргізеді. Алайда олардың жұмысты орындау мерзімдері әртүрлі болғандықтан, бір көшені бірнеше рет қазуға тура келеді. Осы мәселені шешу үшін 2026 жылы Алматы әкімдігі интерактивті карта әзірлеген. Онда аудан аумағында жүргізіліп жатқан немесе жүргізілетін коммуналдық жұмыстар, сондай-ақ жол құрылысы көрсетіледі.

- Біз қабаттасып кететін жұмыстардың қай жерде жүріп жатқанына талдау жасай бастадық. Апта сайын қала әкімінің немесе қала әкімі орынбасарының төрағалығымен өтетін жиналыстарда әрбір учаске бойынша талқылау жүргізіледі. Мәселен, Бұқар жырау көшесі бойымен Байзақов пен Жароков көшелерінің аралығында «Алматы су» мекемесінің тозығы жеткен магистральды құбырды ауыстыру жобасы дайын. «АЖК» да Бұқар жырау көшесінен Байзақовқа дейінгі аралықты қазып жатыр, бірақ солтүстік бөлігін, олардың дәлізі бөлек. Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы қасбеттен қасбетке дейін көркейту жобасын іске асыруға дайын болған. Алайда мекемеаралық өзара іс-қимыл барысында «Алматы су» жұмыстарды жүргізіп жатқандықтан, олар әзірше кіріспейді деп шешіп, жобасы уақытша тоқтатылды. Биыл осындай үйлестіру тәжірибесі енгізілді, — деді Азамат Қалдыбеков.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Еске салайық, Алматыда 350 құрылыс компаниясының лицензиясы тоқтатылды.