Алматыда «Қазақфильм» жеріне қатысты тағы дау шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының төңірегінде тағы дау шықты.

Фото: Қазақфильм

Қазақстан киногерлер одағының басқарма мүшесі, кинодраматург, актер Ерлан Төлеутай киногерлер атынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа үндеу жасады.

Оның жазуынша, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы төңірегінде ауыр ахуал қалыптасқан. Оның біріншісі — жер мәселесі. Ерлан Төлеутай Алматы әкімі Бауыржан Байбек болған кезде киностудия жері алынбақ болғанын, бірақ Президент араласуымен бұл әрекет тоқтатылғанын атап өтті. Айтуынша, 4 жыл өткен соң Алматы әкімдігі «Қазақфильмнің» 5,5 гектар жерін қайтадан алып қоймақ.

— Алматы қалалық әкімшілігінің қолдауымен өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыру мақсатында «Қазақфильмнің» жеріне түсініксіз құрлыс нысандарын салуды бастағалы жатыр. Олар әуелі «Кинематографистер паркін» саламыз деген желеумен «Қазақфильм» территориясына өздерінің арам тұмсықтарын тығып алмақ. Кейін келе негізгі жобалары — ірі құрлыс нысандарын салып тастау арқылы киностудияның 5.5 гектар жерін басып, бүтін пайдаланып кетпек. Әрине, біз — киногерлер қауымы бұған қарсымыз әрі киностудияның бір сүйем жерін талан-таражға салуға жол бермейтінімізді мәлімдейміз, — деп жазды ол.

Әлеуметтік желілердегі осы және өзге де жарияланымдарға қатысты Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ресми мәлімдеме жасады. Киностудия мәліметінше, «Қазақфильм» жанындағы 5,5 гектар аумақта отандық кинематография тарихы мен кино өнерінің көрнекті тұлғаларына арналған заманауи саябақ салу жұмыстары қолға алынған.

— Бұл аумақ баршаға ашық әрі қолжетімді, қала тұрғындарының серуендеуіне, демалуына және бос уақытын тиімді өткізуіне арналған кеңістік болады деп күтілуде. Аталған аумақ толықтай мемлекеттік меншікке жатады және қалалық жер қорында орналасқан. Саябақ аумағында ешқандай жеке немесе коммерциялық нысандар салу көзделмеген, — делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» кешені республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші саналатындықтан, киностудияның тарихи мұрасы мен өндірістік инфрақұрылымы — әрдайым мемлекеттің қорғауында екені атап өтілді.

— Үшіншіден, «киностудияның банкротқа ұшыруы» және басқа да алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайтынын атап өтеміз. «Қазақфильм» АҚ өз қызметін штаттық режимде жалғастырып келеді. Осы ретте азаматтарды жалған ақпарат таратпауға шақырамыз, — деп мәлімдеді «Қазақфильм».

Одан бөлек киностудия өздері жайлы жалған ақпарат таратқан азаматтар бойынша құқық қорғау органдарына және сотқа жүгінетінін хабарлады.

Еске салайық, 2024 жылы «Қазақфильм» төңірегінде дау болған болатын. Ол кезде студия Рысқұлов даңғылы, 101Б мекенжайында орналасқан жер телімі мен бұрынғы «Қазкинопрокат» ғимаратының сатылғанын жоққа шығарды.

Былтыр «Қазақфильм» жерінің сатылуы, киностудияны Астанаға көшірілуі туралы қауесеттерге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жауап берді.

Сонымен қатар Аида Балаева «Қазақфильм» мен «Қазақанимация» мекемелерінің төңірегіндегі дауға пікір білдірді.

Кейін 2026 жылы Қазақфильмге қатысты ауқымды өзгеріс болатыны хабарланды.