Алматыда қол сөмкесінен граната табылған ер адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласында Райымбек даңғылында полиция қызметкерлері күмәнді әрекет жасаған ер адамды ұстады. Бұл туралы Алматы қаласының Полиция департаменті мәлім етті.

Фото: Алматы ПД

Тексеру барысында оның қол сөмкесінен пышақ және сыртқы пішіні гранатаға ұқсас зат табылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен сапер мамандар шақырылды.

— Тексеру нәтижесінде тәркіленген заттың оқу-жаттығу гранатасы екені және ешқандай қауіп төндірмейтіні анықталды. Ұсталған азаматтың айтуынша, ол бұл заттарды бұрын тауып алған, ал пышақты тұрмыстық қажеттілік үшін өзімен бірге алып жүрген. Қазіргі уақытта бұл мәліметтердің рас-өтірігі тексеріліп жатыр, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ ер адамның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Алматы полициясы тұрғындарды өздерімен бірге қауіп төндіруі мүмкін заттарды алып жүрмеуге шақырып, қару-жараққа немесе оқ-дәріге ұқсас заттарды байқаса, дереу «102» нөміріне хабарлауды сұрады.