Оның айтуынша, бұл қорған ерте темір дәуіріне — біздің заманымызға дейінгі VII–V ғасырлардағы сақ кезеңіне жатады. Нысанның жасы шамамен 2500 жыл деп бағаланған. Үйіндінің биіктігі — 6 метрге жуық, ал диаметрі — 60 метрдей.
Қала әкімдігі Бостандық ауданындағы 20-шы желі көшесінде орналасқан бұл қорғанды 2015 жылы Алматы қаласы музейлер бірлестігінің мамандары зерттегенін мәлімдеді. Сол жылы Мәдениет басқармасы бұл нысанды Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастаған. Бұған нысанның көп жылдар бойы бұзылып, нашар күйге түсуі, соның нәтижесінде тарихи-мәдени құндылығын жоғалтуы себеп болған.
- Қорған апатты жағдайда болды: үйінді толығымен дерлік бұзылған, ал нысанның өзі ұзақ уақыт бойы антропогендік әсерге ұшырап келген. 2024 жылы «Археологиялық зерттеулер» ЖШС жүргізген тарихи-мәдени сараптама нысанның тарихи-мәдени құндылығын жоғалтқаны және оны бұдан былай тарих пен мәдениет ескерткіші ретінде сақтау мүмкін еместігі туралы қорытындыларды растады, — деп хабарлады әкімдіктен.
Қазіргі уақытта бұл учаскеде Егізбаев көшесі, 9 мекенжайында орналасқан 2500 орындық жаңа мектепке баратын жолдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Жетісуда сақ дәуірінің қорғандары заңсыз қазылып, бүлінгенін жазғанбыз.