Жетісуда сақ дәуірінің қорғандары заңсыз қазылып, бүлінген
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының Панфилов ауданында көне сақ дәуіріне тиесілі қорғандар тоналды. Бұл туралы Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы мәлімдеді.

Белгілі болғандай, Жаркент қаласынан шамамен 100 шақырым қашықтықта орналасқан қорғандарды белгісіз біреулер ауыр техника көмегімен қазып, тарихи-мәдени мұраны бүлдірген.
Алғашқы болып бұл жағдайды жергілікті тұрғын Олег Тихомиров байқап, тиісті органдарға хабарлаған. Оның айтуынша, қорғандар шамамен бір ай бұрын зақымдалған.
Орталық мамандарының пікірінше, бұл қорғандарда скиф дәуірінің көсемдері жерленіп, сол кезеңге тән құнды бұйымдар, соның ішінде алтын артефактілер болуы мүмкін.

— Заңсыз археологиялық жұмыстармен айналысатын адамдар ел тарихына орны толмас зиян келтірді. Біз бұл факт бойынша құқық қорғау органдарына ресми жүгіндік, — деді Ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов.
Сонымен қатар қорғандар мемлекет қорғауында болғанына қарамастан, қылмыскерлер заңды айналып өтіп, бұл әрекетті жүзеге асырған.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар археологиялық ескерткіштерді қорғау шараларын күшейту мәселесін қарастырып жатыр.
Сондай-ақ аталған оқиға бойынша полиция тарапынан вандализм бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

— Қазіргі кезде тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қалған ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды, — деді Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда мемлекет қорғауына алынған қанша ескерткіш бар екенін жазғанбыз.