Әлеуметтік желіде Медеу ауданы Жамақаев көшесінің бойында ағаштар кесілгені туралы бейнежазба жарияланды. Одан кесілген ағаштардың діңінде ешқандай ауру мен зақымдану белгілері жоқ екенін көруге болады. Сондай-ақ бұл аумақта ғимарат құрылысы жүріп жатқаны байқалады.
Алматы қаласының экология басқармасы бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді.
- Басқарма қызметкерлері аталған мекенжайға барып тексеру жүргізді. Тексеру барысында кей ағаштардың кесілгені расталды. Басқарма тарапынан аталған мекенжай бойынша жасыл желекті отауға ешқандай рұқсат берілмеген, – деп мәлімдеді ведомстводан.
Осыған байланысты ағаштарды шауып тастаған ұйымнан жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау ережелерінің талаптарына сәйкес, 50 еселік көлемде өтемақы ретінде қайта ағаштар отырғызу міндеттемесі бар кепілхат алынған. Жаңа ағаштар ортақ пайдаланылатын орындарға отырғызылуы тиіс. Сонымен қатар полиция қызметкерлері де ағаштардың заңсыз кесілу дерегі бойынша тексеру жүргізеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда көше ортасында асқабақ өсіп тұрғанын жазғанбыз.