Петиция авторы - Татьяна Б. және ол Алматы қаласы әкімінің аппаратына бағытталған.
Петицияда Алматы тұрғындары қала көшелеріндегі ашық арық желілерін бетон тақтайлармен жабуға қарсы екендері көрсетілген.
- Алматының арық жүйесі — жай ғана су ағатын желісі емес, ол маңызды гидрологиялық, климаттық және эстетикалық қызметтерді атқаратын бірегей инженерлік-экологиялық кешен. Ашық арықтарды жабық жерасты қорапшаларына айналдыру мегаполистің қауіпсіздігіне, экологиясына және тарихи келбетіне тікелей зиян келтіреді, - делінген петиция сипаттамасында.
Сондай-ақ өтініште арықтарды жаппау қажеттігін дәледейтін 8 уәж келтірілген. Олар қалалық ортада температураның көтерілуі, жасыл желектерге зияны, ауа айналымының бұзылуы, су басу қаупі, ел заңнамасын бұзу, халықаралық тәжірибе және т.б.
Петицияда Алматы әкімдігіне қойылатын негізгі талаптар да жазылған. Оның ішінде Алматы қаласының аумағында ашық арық желілерін бетон тақтайлармен жабуға мораторий енгізу керектігі көрсетілген.
Еске салайық, биыл Алматы әкімдігі кей көшелерде арықтың бетін бетон тақтайлармен жапқан болатын. Бұл шешімге кей тұрғындар қарсы шығып, әлеуметтік желіде наразылық білдірді. Кейін аталған жұмыстарға байланысты Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы түсініктеме берді. Ведомство жауабына сәйкес, арықтардың жекелеген учаскелерін жабу - жаяу жүргіншілер бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кедергісіз ортаны қалыптастыру мақсатында кешенді абаттандыру жұмыстары аясында жүзеге асырылып жатыр.
Бұған дейін Алматыда көппәтерлі тұрғын үйді басқаратын компания төңірегінде дау шықты.