Алматыда қоймадағы өрт түні бойы сөндірілді

Фото: ТЖМ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі күштерімен Алматы қаласындағы Солтүстік айналма тасжолында орналасқан қоймадағы өрт 1900 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. 

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген кезде қойма ғимаратында ашық жалынмен өрт болып жатқаны анықталған.

Фото: ТЖМ

Өртті сөндіру жұмыстары жоғары шақырту деңгейі бойынша жүргізілді. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, сөндіруге жеке құрамнан 85 адам мен 22 техника жұмылдырылды.

Фото: ТЖМ

Өрт аумағында үш жауынгерлік учаске ұйымдастырылып, сөндіру жұмыстарына ТЖМ-нің автопоезы тартылды.

Фото: ТЖМ

Өртті сөндіру ғимараттың құрылымдық ерекшеліктері мен өрт жүктемесінің жоғары болуына байланысты күрделене түскен.

Фото: ТЖМ

Сағат 02:11-де өрттің оқшауланғаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің арқасында жалынның жақын маңдағы ғимаратқа таралуына жол берілмеді.

Фото: Видеодан скрин

Айта кетейік, бұған дейін Талдықорған қаласындағы көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан 35 адам эвакуацияланғаны хабарланған болатын.