Алматыда құрылысы тоқтаған 40 қабатты кешеннің орнына не салынады

Фото: rams-global.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қаланың әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов RAMS Qazaqstan компаниясы Beyond Almaty жобасынан бас тартқаннан кейін осы аумақтың болашағына қатысты түсінік берді. 

— Жер телімі жекеменшікке тиесілі. Оның қазіргі қожайындары бұл аумақта қандай жоба жүзеге асыруға болатынын әлі өзара қарастырып жатыр. Әзірше олардан нақты ұсыныс түскен жоқ. Сондықтан қандай бастамалар ұсынатынын күтіп отырмыз. RAMS бұл жерден түбегейлі кетеді, олар бұл жобаны жалғастырмайды, — деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг кезінде.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғындары Тимирязев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында 40 қабатты кешеннің салынуына наразылық білдірген еді. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев те ғимарат құрылысына қарсы шықты.

Кейін кешеннің құрылысы тоқтатылды.

Ал Алматы әкімі мегаполистегі 40 қабатты ғимараттың құрылысына тыйым салынбайтынын мәлімдеді.

Алайда кейінірек RAMS Qazaqstan бұл жобаның құрылысынан бас тартқаны белгілі болды.