Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының мәліметінше, Төле би көшесінің Момышұлы көшесінен Жароков көшесіне дейінгі шығыс бағытындағы учаскесінде бұрынғы трамвай желісінің байланыс торабына тиесілі қолданыстағы тіректер алынады. Олардың орнына сыртқы жарықтандырудың жаңа сәндік тіректері орнатылады.
Қазіргі уақытта қолданыстағы тіректерде әуе электр беру желілері, байланыс желілері, интернет-провайдерлердің желілері, жарнамалық құрылымдар және басқа да инженерлік коммуникациялар орналасқан. Алайда кей желілердің меншік иелері немесе пайдаланушы ұйымдары әлі күнге дейін анықталмаған.
- Бұған дейін Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы байланыс операторларына, интернет-провайдерлерге, коммуналдық кәсіпорындарға және инженерлік желілердің өзге де меншік иелеріне коммуникацияларды көшіру немесе қайта орналастыру қажеттігі туралы хабарлама жолдаған болатын. Алайда меншік иелерінің бір бөлігі бүгінгі күнге дейін қажетті жұмыстарды орындамаған немесе олардың кімге тиесілі екені анықталмаған, - деп түсіндірді орталықтан.
Инженерлік желілердің зақымдануына, сондай-ақ электрмен жабдықтау, байланыс және интернет қызметінің үзілуіне жол бермеу мақсатында Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы осы аймақтағы ұйымдар мен тұрғындарға үндеу жасады. Атап айтқанда: 2026 жылдың 24 шілдесін қосқанда Төле би көшесінде (Момышұлы көшесінен Жароков көшесіне дейін) орналасқан, өздеріне тиесілі желілерді алып тастау немесе басқа орынға көшіру жұмыстарын аяқтау қажет.
25 шілдеден бастап аталған учаскеде бұрынғы байланыс торабының 165 қолданыстағы тірегін алып тастау және сыртқы жарықтандырудың жаңа тіректерін орнату жұмыстары басталады. Жобаға сәйкес, құрылыс аяқталғаннан кейін қолданыстағы әуе желілерін жаңа тіректерге қайта орналастыру қарастырылмаған.
Еске салайық, биыл көктемде LRT құрылысына дайындық аясында Алматыда бұрынғы трамвай рельстері алына бастады.
Бұған дейін Алматыда LRT желісін кім салатынын және қанша қаражат бөлінгенін жазғанбыз.