АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Медеу» биік таулы спорт кешенін қайта жаңғырту жобасын іске асыру аясында биылғы жылдың 16 маусымынан желтоқсан айына дейін кешенге жақын орналасқан автотұраққа кіру уақытша шектеледі.
Алматының құрылыс басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, шектеу құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуіне және нысан аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты енгізіліп отыр.
— Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды және қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауларыңызды сұраймыз, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Конституциялық сот «Шымбұлақ» шатқалына көлік құралдарының кіруіне шектеуді конституциялық емес деп танығанын хабарлағанбыз.
Мейірман Лес
Еуразия ұлттық және Қазақ ұлттық университеттерін бітірген. Еңбек жолын Baribar.kz порталында бастаған. Түрлі басылымда қызмет еткен. 2025 жылдан бастап Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің Алматыдағы меншікті тілшісі болып еңбек етті, қазір қазақ редакциясының шығарушы редакторы қызметін атқарады.