Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, енді басқа емханаға барған кезде тұрғындарға рентген суреттері мен дискілерін өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ.
Қазір жүйеге 69 медициналық ұйым мен 216 диагностикалық аппарат қосылған. Цифрлық архивте 800 мыңнан астам зерттеу нәтижесі жинақталып, 1 миллионнан астам науқас тіркелген.
Жаңа жүйе медициналық суреттерді 25 жылға дейін сақтай алады. Дәрігерлер әр жылдары жүргізілген тексеру нәтижесін салыстырып, науқастың денсаулығындағы өзгерісті бақылай алады.
Бұл, әсіресе, онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және созылмалы аурулары бар, үнемі тексеріліп тұруды қажет ететін науқастар үшін маңызды.
- Жүйе сәулелік диагностиканың негізгі бағыттарын біріктіреді. Олардың қатарында рентгенография, флюорография, маммография, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, сондай-ақ ангиография бар, – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Үш ай ішінде жүйеде 603 467 зерттеу тіркелген. Цифрлық архивпен жұмыс істеу үшін рентгенолог дәрігерлерге арналған 113 жұмыс орны және сонша диагностикалық монитор орнатылған.
Марат Пашимов 2026 жылдың соңына дейін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қызмет көрсететін жекеменшік клиникаларды бірыңғай жүйеге қосуды тапсырды.
Еске салсақ, Қазақстанда медициналық туризмнің бірыңғай маркетплейсі енгізілетіні хабарланды.