Медициналық туризмнің бірыңғай маркетплейсі енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Шетелдік емделушілерге арналған мамандандырылған журнал шығарылады. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

дәрігер
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Медициналық туризм саласындағы Ұлттық оператордың бірыңғай цифрлық платформасын құру аясында пакеттік ұсыныстарды орналастыру, көрсетілетін қызметтерді брондау, туристерді цифрлық сүйемелдеу және мемлекеттік цифрлық жүйелермен интеграциялау мүмкіндіктерін қарастыра отырып, медициналық туризмнің бірыңғай маркетплейсі форматын енгізу жоспарланған, — деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері мен медициналық туризм мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы ұйымдастырылған.

— Шетелдік туроператорлар, сақтандыру және медициналық компаниялар үшін ақпараттық турларды ұйымдастыру, медициналық қызметтер пакеттерін жарнамалау, оның ішінде шетелдік БАҚ-ты тарту мәселелері пысықталды. Әлеуетті шетелдік емделушілерді Қазақстанның медициналық ұйымдары, оның ішінде JCI халықаралық аккредитациясы бар ұйымдар мен отандық денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктері туралы хабардар етуге бағытталған мамандандырылған журнал дайындау ісі қолға алынды. Қазақстанның медициналық көрсетілетін қызметтерін шетелдік нарықтарда ілгерілету мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен, туроператорлармен және медициналық ұйымдармен бірлескен жұмыс жалғасып жатыр, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, елімізде емделу құны Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік Корея және Парсы шығанағы елдеріне қарағанда айтарлықтай төмен.

Сонымен қатар еліміз шетелдік пациенттерге арналған медициналық турпакеттер әзірленді.