Шетелдік пациенттерге арналған медициналық турпакеттер әзірленді
АСТАНА. KAZINFORM – 2027-2030 жылдарға арналған медициналық туризмді дамыту жөніндегі ведомствоаралық жоспар әзірленді. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтвлған.
- Шетелдік емделушілерді тарту мақсатында сапалы сервисті қамтитын медициналық, санаторийлік-курорттық және оңалту қызметтерінің пакеттері (медициналық және санаторийлік-курорттық ұйым, трансфер, тұру, тамақтану, аудармашы, оның ішінде алып жүретін адамдар үшін, прайс-парақтар) әзірленді. Оларды туристік агенттіктер мен елшіліктер арқылы медициналық визаны пайдалануды ескере отырып, ілгерілету көзделген. Пациенттің бастапқы өтінішінен бастап емнен кейінгі сүйемелдеуге дейін толыққанды қызмет көрсету маршрутын қалыптастыру көзделіп отыр. Оған медициналық ұйымдар, туроператорлар және сервистік компаниялар тартылады, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының атап өтуінше, медициналық туризмді дамытудың жүйелі тәсілін қамтамасыз ету мақсатында негізгі ұғымдарды бекітуді, уәкілетті органдар мен қатысушылардың құзыреттерін нақтылауды, сондай-ақ олардың өзара іс-қимылын үйлестіруді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленген.
- Сондай-ақ 2027-2030 жылдарға арналған медициналық туризмді дамыту жөніндегі ведомствоаралық жоспардың жобасы әзірленді. Ол нормативтік құқықтық базаны, статистикалық есепті, қызмет көрсету стандарттарын және қатысушылардың өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ ғылыми медициналық орталықтар мен институттарда медициналық туризмді дамыту бойынша іс-шараларды көздейді, - деді Премьер-миинстр.
Айта кетейік, елімізде емделу құны Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік Корея және Парсы шығанағы елдеріне қарағанда айтарлықтай төмен.