Алматыда мемлекетке қайтарылған қаражатқа 10,5 мың тұрғын ауыз сумен қамтылды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда мемлекетке қайтарылған қаражат тау бөктеріндегі аудандардың тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталды, деп хабарлайды қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform

Алматыда Наурызбай ауданының Ақжар (2-кезек) және Қарағайлы (1-кезек) шағын аудандарында су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы аяқталды.

Жоба прокуратура органдарының мемлекетке қайтарған қаражат есебінен іске асырылды.

Оның аясында 43,7 км су құбыры және 40,8 км кәріз желісі жүргізілді. Қазіргі уақытта нысандар пайдалануға берілді.

— Жаңа инфрақұрылым қаланың тау бөктеріндегі аудандарының 10 500 тұрғынын сапалы сумен жабдықтау және су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Аталған жобаны іске асыру әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін мемлекетке қайтарылған қаражатты тиімді пайдаланудың тағы бір мысалы болды, — делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан бұрын қайтарылған активтер есебінен өңірлердегі 500 инфрақұрылымдық жобаға 610 млрд-тан астам теңге бөлінгені белгілі болды.