Алматыда өкпе қатерлі ісігіне робот-ассистент көмегімен алғашқы ота жасалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы онкологиялық орталығында роботтандырылған хирургиялық жүйенің көмегімен өкпе қатерлі ісігіне қатысты алғашқы екі операция жасалды.

Фото: ДСМ

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, операциялар Алматы онкологиялық орталығының хирургтарымен бірлесіп, Харбин медициналық университетінің онкологиялық ауруханасының кеуде хирургиясы бөлімінің басшысы, Қытайдан келген профессор Сюй Шидунның қатысуымен халықаралық шеберлік сыныбы аясында орындалды. Әрбір операция шамамен 2,5 сағатқа созылған.

— Сарапшының медицина саласындағы тәжірибесі 35 жылдан асады. Ол кеуде қуысы ағзаларындағы ісіктерге қатысты 3 мыңнан астам операция жасаған. Робот-ассистентті хирургия шағын тіліктер арқылы күрделі операциялар жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте операциялық аймақтың үш өлшемді (3D) кескіні мен жоғары дәлдіктегі құралдар қолданылады. Тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, мұндай тәсіл қан жоғалтуды және операциядан кейінгі ауырсынуды азайтып, науқастың қалпына келуін жеделдетуі мүмкін, — деп хабарлады ведомстводан.

Фото: ДСМ

Бұған дейін орталықта роботтандырылған хирургиялық жүйенің көмегімен құрсақ қуысы мен кіші жамбас ағзаларындағы ісіктерге қатысты 20-дан астам операция жасалған. Енді бұл бағыт кеуде қуысы ағзаларының онкологиялық ауруларын емдеу саласында да кеңейіп келеді.

Еске салайық, Жапонияда робот арқылы қатерлі ісікке алғаш рет қашықтан ота жасалды.