Алматыда Орталық музейге кіру құны өзгерді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 25 шілдеден бастап жаңа баға қолданысқа енгізіледі.
Музей әкімшілігі экономикалық жағдайдың өзгеруіне және мекеменің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы баға прейскуранты өзгеретінін хабарлады.
– Қала музейлеріндегі кіру билеттері мен ақылы қызметтердің құнын талдау жүргізгенде біздің қазіргі бағаларымыз нарықтық орташа деңгейден төмен екенін көрсетті. Бүгінгі таңда ҚР Мемлекеттік орталық музей қызметтері нарықтық орташа бағадан 40-50% төмен бағамен ұсынылады. Мысалы, Алматы қаласындағы және өңірлік музейлердегі ересектерге арналған кіру билеттерінің құны – 1 000 теңге. Алайда бұл музейлердегі экспозициялық кеңістік пен көрмеге қойылған экспонаттар саны Орталық музеймен салыстырғанда бірнеше есе аз, - деп хабарлады музейден.
Бұған дейін Орталық музейге кіру құны (1, 2, 3, 4 экспозициялық залдар) Қазақстан Республикасы азаматтары үшін 500 теңге болатын болса, енді билет бағасы – 1 500 теңге. Экспозициялық залдарға қоса «Ашық қор» (Алтын залы) және «Антропология» залдарын аралау – 2 000 теңге болады. Студенттер мен зейнеткерлер үшін негізгі экспозициялық залдар 700 теңге, барлық залды аралау – 1 500 теңге.
Шетелдік азаматтарға музейге кіру құны – 2 000 теңге, экскурсиялық қызметпен бірге – 10 000 теңге. Жаңа бағалар 2025 жылғы 25 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске салайық, биыл 30 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Мемлекеттік орталық музейге ұлттық мәртебе берілді.