Алматыда пәтерден толық жабдықталған есірткі зертханасы табылды

АСТАНА.KAZINFORM — Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері мен Әуезов аудандық полиция басқармасының полицейлері есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіруге арналған жасырын зертхананың жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Алматы қаласының Полиция департаменті мәлім етті.

Видеодан алынған кадр

— Тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірді деген күдікпен Әуезов ауданының 53 жастағы тұрғыны ұсталды, — делінген хабарламада.

Департаменттің мәліметінше, пәтерге жүргізілген тінту барысында полицейлер есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге арналған толық жабдықталған жүйені анықталған. Оның ішінде арнайы кәсіби құрылғылармен жабдықталған төрт гроубокс, қарасораға ұқсас он алты түп өсімдік және кептірілген өсімдік тектес зат табылған.

Сонымен қатар, өсімдік тектес зат салынған, буып-түюге дайындалған үш жүзге жуық zip-пакет, электронды таразылар, вакуумдық қаптау құрылғылары, тыңайтқыштар мен ақша қаражаты тәркіленген.

— Тәркіленген барлық өсімдіктер мен заттар олардың түрін, салмағын және құрамындағы есірткі заттарының бар-жоғын анықтау үшін сот сараптамасына жолданды, — деп хабарлады департаменттен.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру тәсіліне немесе анықталған көлеміне қарамастан қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.