Түн ортасы. «102» пультіне көшеде пышақ ұстаған бір топ жас жүргені туралы хабарлама түсті. Арада бірнеше минут өткенде полиция қызметкерлері бірден алты күдіктіні ұстады.
Оқиға Ақсай шағынауданында болған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жанжал барысында бір жас жігіттің пышақ жарақатын алғанын анықтады.
— «Буран-308» экипажы оқиға ізін суытпай алты жас жігітті ұстады. Олар болған жағдайға қатысы болуы мүмкін. Кейбірінің киімінен қанға ұқсас іздер анықталды. Сондай-ақ тергеу үшін маңызы бар заттар тәркіленді, — делінген хабарламада.
Ұсталғандардың барлығы тергеу амалдарын жүргізу үшін Әуезов аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның толық хронологиясын, жанжалдың себептерін, қатысушылардың әрқайсысының рөлін, сондай-ақ пышақ жарақатын салуға тікелей қатысы бар адамды анықтап жатыр.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жаппай төбелес кезінде екі жасөспірім мерт болғанын жазған едік.