Алматыда полиорталықтар құрылысына 118 млрд теңге бөлінді: қаражат қайда жұмсалады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «Шығыс қақпасы» және «Батыс қақпасы» полиорталықтарында жаңа жолдар салуға қомақты қаражат бөлінді.

Фото: Алматы әкімдігі

Үкімет Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі даму бағыттарын айқындайтын Бас жоспарға енгізілген өзгертулерді бекітті. Құжат бойынша қаланы дамытудың полицентрлік моделіне көшу көзделген. Бұл тәсіл қалада бірнеше белсенді орталық құруды қарастырады. 

Фото: Алматы әкімдігі

Бас жоспарда көрсетілген полиорталықтар :

* Солтүстік – өнеркәсіптік аймақтар мен тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғырту, демалыс аумақтарын дамыту және көгалдандыру;
* Шығыс қақпасы – логистикалық хаб, көрме және ойын-сауық инфрақұрылымы, медицина мен фармацевтика;
* Тарихи орталық – туризм, мәдениет және қызмет көрсету саласы;
* Батыс – ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен көлік-логистикалық хаб;
* Оңтүстік-батыс – шағын өнеркәсіптік парктер, сауда және логистика.

«Шығыс қақпасы»

Полиорталықтарды дамыту жұмысы аясында қаланың шығыс бөлігінде жаңа жолдар салу жоспарланып отыр. Тиісті конкурс мемлекеттік сатып алу порталында биыл 10-13 қараша арасында өткізілді. Тапсырыс беруші – Алматы қаласының құрылыс басқармасы, ал құны - 51 068 664 875,00 теңге. Оның жеңімпазы «Казахдорстрой» ЖШС атанды.

Фото: Алматы әкімдігі

Дегенмен «Алматы қаласының Медеу және Түрксіб аудандарында орналасқан «Шығыс қақпасы» полиорталығында жол салу. ІІ кезек» атты лоттың техникалық ерекшелігінде нақты қандай жұмыстар істелетіні көрсетілмеген. Осыған орай, Kazinform агенттігі тиісті басқармаға жүгініп, 51 млрд теңгеден астам қаржы қайда жұмсалатынын сұрады.

Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Жасыбаевтың айтуынша, «Шығыс қақпасы» полиорталығында жол салу – II кезек» жобасын іске асыру шеңберінде көше-жол желісі мен инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуды көздейтін жұмыс жобасы әзірленген. Жобалық құжаттама бойынша жалпы ұзындығы 13,149 км, оның ішінде құрылыс ұзындығы 12,577 км болатын 9 көше салу қарастырылған. Атап айтқанда: Т-1, Т-9, Т-14, Т-20, Т-29, Т-30, Т-33, Т-34 және М-1 көшелері қамтылған.

Фото: Алматы әкімдігі

- Онда 16 бағдаршам объектісін орнатылады және РПК-2Т үлгісіндегі 2 электр энергиясын тарату пунктін салынады. Жоба аясында жүріс бөлігін, жаяу жүргіншілер тротуарларын, велосипед жолдарын, автотұрақ алаңдарын және қоғамдық көлік аялдамаларын салу, сондай-ақ көгалдандыру және іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстары көзделген, - деді басқарма өкілі.

Сонымен қатар ол Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы арқылы ұзындығы 25,2 метр болатын көпір өткелі салынатынын атап өтті.

Одан бөлек көше-жол желісінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жобада инженерлік желілерді салу қарастырылған:

* сумен жабдықтау желілері – 6,823 км;
* кәріз желілері – 8,748 км;
* газбен жабдықтау желілері – 7,083 км;
* жылумен жабдықтау желілері – 13,584 км;
* байланыс желілері – 56,620 км;
* 10 кВ электрмен жабдықтау кабельдік желілері – 30,762 км;
* сыртқы жарықтандыру желілері – 45,053 км.

- Қазіргі жағдай бойынша аталған нысанның II кезегі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталған жоқ, - деді Нұрбек Жасыбаев.

Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары бұған дейін «Шығыс қақпасы» полиорталығында жол салу жобасының І кезегі аясында бірқатар жұмыстар орындалып қойғанын да айтты. Оның ішінде 3,8 км автомобиль жолдары салынып, 4 км сыртқы электр жарықтандыру желілері тартылған және 2 тарату қосалқы станциясы орнатылған. Оған қоса, құрылысы аяқталған шаруашылық-тұрмыстық кәріз желілері – 5,2 км, су құбыры желілері – 8 км, газбен жабдықтау желілері – 6,1 км, байланыс желілері – 4,3 км және электрмен жабдықтау желілері – 30,9 км. Аталған жұмыстары Медеу және Түрксіб аудандарының аумағында жүргізілді.

Фото: Алматы әкімдігі

«Батыс қақпасы»

Осыған ұқсас жұмыстар мегаполистің батыс бөлігінде де жүргізіліп жатыр. Бұған дейін «Алатау ауданы, Момышұлы, Мөңке би, Оңғарсынова көшелері және Рысқұлов даңғылының шаршысында жол салу» атты мемлекеттік сатып алу байқауы өткенін жазғанбыз. Мамыр айында болған бұл жобаның жеңімпазы да «Казахдорстрой» ЖШС, ал тапсырыс беруші – Алматы қаласының құрылыс басқармасы.

67 498 504 038 теңге бөлінген жоба бойынша бүгінге дейін қандай жұмыстар атқарылғанын құрылыс басқармасынан нақтыладық. Нұрбек Жасыбаевтың айтуынша, аталған жоба «Батыс қақпа» полиорталығында көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытталған.

- Бүгінде жоба бойынша бөлінген қаражаттың 25%-ы игерілген. Оны толық аяқтау және пайдалануға беру мерзімі жоспарға сәйкес 2027 жылғы 31 желтоқсанға белгіленген, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Фото: Алматы әкімдігі

Ол көрсетілген аумақта ұзындығы 25,5 км болатын автомобиль жолдары, оның ішінде: аудандық маңызы бар 2,75 км магистральдық көшелер және тұрғын үй құрылысы аумағындағы жергілікті маңызы бар 22,75 км көшелер салынып жатқанын атап өтті. Айтуынша, аудандық маңызы бар магистральдық көшелер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 90% орындалған. Жол төсемінің негізгі құрылымдық қабаттарын төсеу жұмыстары аяқталған. Онда қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетоннан жол жабынының жоғарғы қабатын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- Жалпы ұзындығы 4 км болатын жаңа жергілікті маңызы бар көшелерде жер төсемін қалыптастыру, жол негізін дайындау және асфальтбетон жабынының төменгі қабатын төсеу жұмыстары аяқталған. Жол жабынының жоғарғы ұсақ түйіршікті қабатын төсеу жұмыстарын 2026 жылғы 30 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған, - деді Нұрбек Жасыбаев.

Одан бөлек ауданда 10/0,4 кВ бес тарату пункттерінің құрылысы 90%-ға жеткен. Нысандарда іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу жұмыстарының көпшілігі 90%-ға жуық аяқталған. Барлық құрылысты 2027 жылы бітіру жоспарланып отыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, Алматыда 2030 жылға дейін 100 км арық қалпына келтіріледі.