Алматыда Президент резиденциясы орнындағы саябақ қашан ашылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Назарбаев даңғылының батысы мен Ганди көшесінің солтүстігінде орналасқан жаңа саябақ қолданысқа беріледі. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұрын Президент резиденциясы болған аумақта қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Республика күніне орай ашу жоспарланған саябақ қазір 97% дайын.

Фото: Алматы әкімдігі

Онда қыста мұз айдыны ретінде пайдаланылатын тоған салынған. Одан бөлек жаяу жүргіншілер мен жүгіру жолдары, асфальт жабындысы, автосуару және сыртқы жарықтандыру жүйесін орнату жұмыстары аяқталуға жақын. 95 қылқанжапырақты және 228 жапырақты көшет, 469 қылқанжапырақты және 384 жапырақты бұта отырғызылған, сондай-ақ көпжылдық өсімдіктер егілген.

Фото: Алматы әкімдігі

— Сонымен қатар ескі қоршаудың металл құрылымдары мен іргетасына реставрация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс толық аяқталған соң сквер қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа демалыс аймағына айналмақ. Алматы әкімі жарық шамдарының санын арттыруды және көгалдандыру кезінде жергілікті талдар мен бұталардың түріне басымдық беруді тапсырды, — деп хабарлады әкімдікте.

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, 2022 жылы 5 қаңтар күні Президент резиденциясын бір топ адам басып алып, өртеп жіберді. Сондықтан Мемлекет басшысының шешімімен бұл ғимарат сүріліп, оның орнына саябақ салынатыны хабарланды.

2022 жылы наурыз айында Алматыдағы Президент резиденциясы тарихи ескерткіштер тізімінен алынып тасталды.

Саябақ құрылысына мемлекеттік бюджет пен жеке инвесторлар қаржысы жұмсалды. Демеушілер қайтарымсыз негізде 2,2 млрд теңге бөлді.

Бұған дейін Президент резиденциясының орнындағы жаңа саябақ қандай болатынын жазғанбыз.