Алматыда Президент резиденциясы орнындағы саябақтың құрылысы қалай жүріп жатыр

Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Назарбаев даңғылының батысы мен Ганди көшесінің солтүстігінде орналасқан бұрынғы Президент резиденциясының аумағында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Мұнда жалпы ауданы 4,16 гектар болатын инклюзивті қоғамдық сквер салынып жатыр. Kazinform фототілшісі құрылыс алаңына барып, қаланың қақ ортасындағы өзгерістерді суретке түсіріп қайтты. 

Қазір ғимаратты бұзу және дайындық жұмыстары аяқталды. Аумақ абаттандырылып жатыр. Құрылысшылар жерді тегістеуді қолға алды. 

Жобаның негізгі элементтерінің бірі – су дайындау жүйесі бар тоған. Сонымен қатар инженерлік желілер тартылып, суару жүйесіне арналған резервуар құрылысы жалғасып жатыр.

Фото: Александр Павский / Kazinform

– Жоба аясында жасыл желек отырғызу, су дайындау жүйесімен жабдықталған тоған, сыртқы жарықтандыру, инженерлік инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктер қарастырылған. Қыс мезгілінде мұз айдынын ұйымдастыру жоспарда, - деп мәлімдеді Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Аталған аумақта биіктігі алты метрден асатын 50 ірі ағаш отырғызылды. Саябақ инклюзивті болады – жобалау кезінде қала тұрғындарының барлық санатының қажеттіліктері ескерілген: пандустар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ыңғайлы бағыттар қарастырылған.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр және тұрақты бақылауға алынған.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін бюджеттен 944,5 млн теңге бөлінген. Оның ішінде құрылыс жұмыстарына бөлінген негізгі сома – 821,4 млн теңге. Ал авторлық және техникалық қадағалауға 3,3 млн теңге және 18,7 млн теңге қарастырылған.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Бюджет шығындарын оңтайландыру мақсатында жобаға жеке қаражатты тарту арқылы қосымша қаржыландыру көзделген. Демеушілер қаражатының жалпы сомасы – 2,2 млрд теңге. Бұл қаражат қайтарымсыз негізде ұсынылды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Еске салайық, Президент резиденциясының орнындағы жаңа саябақ қандай болатынын жазғанбыз. Онда қыс кезінде жұмыс істейтін мұз айдынын ашу, арнайы автотұрақ дайындау, 1,5 мың ағаш отырғызу және өзге де жұмыстар жоспарланған. 

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

2022 жылы 5 қаңтар күні Президент резиденциясын бір топ адам басып алып, өртеп жіберді. Сондықтан Мемлекет басшысының шешімімен бұл ғимарат сүріліп, оның орнына саябақ салынатыны хабарланды. 

Кейін Мамандар Алматыдағы Президент резиденциясы неліктен сүрілетінін түсіндірді. 

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

2022 жылы наурыз айында Алматыдағы Президент резиденциясы тарихи ескерткіштер тізімінен алынып тасталды. 

Фото: Павский / Kazinform
Фото: Павский / Kazinform

2022 жылы қазан айында Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев Президент резиденциясын сүру жұмыстары іс жүзінде аяқталғанын айтты.