ОРАЛ. KAZINFORM — «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Орал қаласының аумағында полиция қызметкерлері іздеуде жүрген 32 жастағы ер адамды қолға түсірді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған азамат ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен Алматы қаласы полиция департаменті тарапынан іздестірілген.
Қылмыстық іс Алматы қаласы полиция департаментінде тіркелген.
— Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өңір аумағында 10–13 наурыз аралығында өткізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да интернет алаяқтар жәбірленушілерге 1,8 млрд теңге залал келтіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).