Алматыда Сайран көліне су беру тоқталып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Сайран көлінің су деңгейі төмендей бастады.

Фото: instagram.com/ ecology.almaty

Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы қысқа дайындық аясында су қоймасы біртіндеп босатылып жатқанын хабарлады.

- Бұл гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет. Алдағы 2–3 күнде су қоймасы толық босайды деп күтіледі, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сайранда қысқы мезгілде су болмайды. Әдетте мұнда күн жылынған соң, көктемнің аяғына қарай қайта су беріледі.

Сондай-ақ Сайран көлінде бұған дейін екі жағалауды біріктіріп тұрған қалқымалы көпір қысқы кезеңге дайындық аясында алып тасталған болатын. Ол келесі жылы көктемде қайта құрылады.

Еске салайық, Сайран көлінің жағалауы өткен жылы қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін қолданысқа берілген болатын. Жаңарған кеңістік қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналды.