Ресми ашылуы өтпеді: жаңарған Сайран көлінде қандай жұмыстар қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Сайран көлінің жағасын абаттандыру жұмыстары әлі де жүріп жатыр.

Жаңарған Сайран көлі қазірдің өзінде алматылықтардың сүйікті орнына айналып үлгерді. Мұнда әсіресе, кешкісін демалуға келетін адамдардың қарасы көп.
Дегенмен, көлдің айналасында әлі де абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Kazinform сауалына жауап берген Алматы әкімдігі нысанның 90 пайызға дайын екенін хабарлады.
— Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру бойынша соңғы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде: іске қосу-баптау іс-шаралары, автоматты суару жүйесіне қосымша жабдықтарды орнату, жасыл желектерді отырғызу, инженерлік желілерді қосу және т. б. Кейбір учаскелерде сыртқы жарықтандыру желілерін орнату бойынша қосымша жұмыстар істеліп жатыр. Сондай-ақ, қосымша баспалдақ алаңдарында көтеру механизмдерін орнату жұмыстары жалғасады, — деп хабарлады әкімдіктен.
Қала басшылығы бұл жұмыстар толық аяқталғаннан кейін ғана жаңғыртудан өткен Сайран көлінің ресми ашылуы болатынын атап өтті.
Бұған дейін Алматы әкімдігі Сайран көліндегі жұмыстарды кешіктірген мердігерді сотқа берді.
— Бүгінгі таңда шарт бойынша міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалмауына байланысты қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы «Павлодарский речной порт» акционерлік қоғамын мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арыз берді, — деп мәлімдеді қала әкімдігі.
Еске салайық, 2023 жылы Сайран су қоймасының түбі 50 жылда алғаш рет тазартылды. Механикалық тазалау нәтижелеріне 142 мың текше метр лай және 23 тонна тұрмыстық қоқыс шығарылды.