Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, өзге тұлғалардың мәліметін жамылып жұмыс істегісі келгендерге жеке куәлік, жүргізуші куәлігі мен көліктің техникалық паспортынан тұратын дайын құжаттар жиынтығын жасап беріп жүрген азамат ұсталды. Заңсыз кәсіпті жолға қойған күдіктіні Криминалдық полиция қызметкерлері қолға түсірген.
Ол ақыға Қазақстан азаматтарының қолданыстағы ЖСН мен куәлік нөмірлерін пайдалана отырып, жалған құжаттар дайындаған. Тек суреті мен дербес мәліметтерін ауыстырып отырған. Мұндай қулық тапсырыс берушілерге аты-жөнін жасырып, жеткізу сервистері мен жолаушы тасымалдау қосымшаларына тіркелуге мүмкіндік берген.
- Алдын ала деректер бойынша негізгі тапсырыс берушілер Орталық және Оңтүстік Азия елдерінен келген азаматтар болған. Олар жасанды құжаттарды негізінен курьер немесе жүргізуші болып жұмысқа орналасу үшін пайдаланған. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті қолға түсті. Оның кеңсесін тінткілеу кезінде жалған құжат жасауға пайдаланылды деген күдікпен компьютерлік техника мен ұялы телефон тәркіленіп, сараптамаға жіберілді, - деп хабарлады департаменттен.
Одан бөлек полиция оның бұл әрекеттеріне заңсыз миграцияны ұйымдастыру бабы бойынша құқықтық баға беру мәселесін қарастырып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында полицейлер көлікті тоқтату үшін қару қолданды.