Алматы облысында полицейлер көлікті тоқтату үшін қару қолданды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында тәртіп сақшылары қару қолдануға мәжбүр болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

патрульная полиция патрульдік полиция
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан оқиға орнынан қашпақ болған көліктің дөңгелегіне полицейдің бірнеше рет оқ атқанын көруге болады.

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Іле ауданы Жайнақ ауылында болған. Жүргізуші куәлігі жоқ кәмелетке толмаған бала көлік басқарып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оқиға орнына кетпек болған. Автокөлікті мәжбүрлі түрде тоқтату үшін полицейлер қызметтік атыс қаруын қолданып, көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстаған.

— Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланың әкесін бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартты. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда полиция қызметкеріне күш көрсеткен ер адам қамалды.