Алматыда полиция қызметкеріне күш көрсеткен ер адам қамалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде полиция қызметкерлеріне ер адам қарсылық көрсеткен.

қылмыскер ұсталды
Фото: Polisia.kz

Желіде тараған бейнежазбадан күдіктінің өзін ұстап тұрған тәртіп сақшысын ұрып жібергенін көруге болады.

Бұл жағдайға байланысты қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, Әуезов ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде қоғамдық тәртіптің бұзылғаны туралы «102» арнасына хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция экипажы жедел түрде жеткен. Оқиға орнында құқық бұзушылардың бірі полицияның заңды талаптарын орындаудан бас тартып, оларға қарсылық танытқан.

— Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне заңға сәйкес құқықтық баға беріледі, — деп хабарлады полициядан.

Полиция қызметтік міндеттерді атқару кезінде тәртіп сақшыларына күш қолдануға жол берілмейтінін ескертті. Мұндай әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Еске салайық, Алматы облысында «Dog House» панажай иесінің өліміне қатысты күдікті ұсталды.