Алматы облысында «Dog House» панажай иесінің өліміне қатысты күдікті ұсталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында зооқорғаушы Владимир Тепляков өліміне байланысты күдікті ұсталды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл 7 қазанда ер адамды өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, дереу ұсталған.
— Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Тергеу аясында ұсталған адамның жасалған адам өлтіру қылмысына қатыстылығы тексеріліп жатыр, сондай-ақ қылмыстық істі толық, жан-жақты әрі объективті зерттеу мақсатында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп хабарлады полициядан.
Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Еске салайық, Алматы облысында «Dog House — Твардовский дом» иесіз жануарлар панажайының негізін қалаушы Владимир Тепляков кісі қолынан қаза тапты.
Кейін 90 ит мекендейтін «Dog House» панажайының болашағы не болатынын жазғанбыз.