Алматы облысында иесіз жануарлар панажайының негізін қалаушы кісі қолынан қаза тапты
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында «Dog House — Твардовский дом» иесіз жануарлар панажайының негізін қалаушы Владимир Тепляков мерт болды.
Полиция мәліметінше, 7 қазанда «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап, ұстауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
— Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Владимир Тепляковтың мерт болғанын ерікті Арсен Қабденов те әлеуметтік желіде хабарлады. Оның айтуынша, панажайдың негізін қалаушы қаза болғаннан кейін шамамен 90 ит иесіз қалған. Қазір еріктілер жануарларға жаңа иелер іздеп жатыр.
Арсен Қабденовтің сөзінше, Владимир Тепляков панажайды 2015 жылы құрған. Оған марқұм ұлының есімін берген. Жануарлар панажайы жұмыс істеген жылдары бірнеше рет басқа жерге көшуге мәжбүр болып, түрлі қиындыққа тап болған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда таудан денесі табылған полицейдің өліміне қатысты тергеу аяқталғанын жазған едік.