– Біз бірден қамқоршыларымен байланысқа шықтық. Барлық шығынды университет өз мойнына алды, төлемді де қайта қалпына келтірдік. Әкесімен және қамқоршыларымен тікелей байланыстамыз, қажетті көмектің барлығын көрсетуге дайынбыз. Біздің тарапымыздан жасалуы тиіс барлық әрекет орындалды, – деді министр Құрылтайда өткен брифингіде.
Сондай-ақ ол журналистерді оқиғаның мән-жайын жариялау кезінде сақ болуға шақырды. Себебі қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
– Сотқа дейін тергеу органдарының барлық әрекеті жария етілмеуі керек. Біз де бұған қатысты журналистерден түсіністік танытуды сұраймыз. Бұл оқиға кеңінен талқыланып жатыр, алайда тергеу әлі жалғасып жатыр. Біз тіпті ресми түрде ешқандай түсініктеме берген жоқпыз. Өйткені Алматы қаласының Полиция департаменті университетке процестік әрекеттер жүріп жатқан кезеңде ақпарат жариялауға қатысты қатаң ескерту жасады. Сондықтан жарияланымдарда мұқият болуыңызды сұраймыз, – деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ҚазҰУ студентінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз.