Алматыда тағы да ҚазҰУ студенті қаза тапты

АЛМАТЫ.KAZINFORM - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған бірінші курс студенті мерт болды.

Фото: wikipedia.org

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, түнде студенттер арасында төбелес болған.

Алматы қалалық полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

- Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды, – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Әзірге студенттің қандай жағдайда қаза тапқаны белгісіз. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Университеттің баспасөз қызметі марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатқанын мәлімдеді.

- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің мезгілсіз қазасына байланысты ата-анасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Университет жағдайдың жан-жақты әрі әділ қаралуына барынша қолдау көрсетеді, – делінген оқу орнының хабарламасында.

Сондай-ақ оқу орны көпшілікті қара жамылған отбасының қайғысына құрметпен қарап, ресми расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін де ҚазҰУ-да студент өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің қайтыс болуына қатысты пікір білдіріп, университет басшылығы марқұмның отбасына қажетті көмек көрсеткенін айтты.