Алматыда таудан құлаған турист басынан жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Алматы қаласының Бостандық ауданында, Көкжайлау аумағында Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағы тауда қалып қойған бес туристке көмек көрсетті.
Ведомство мәліметінше, таңертең тауға көтерілген туристер өздігінен түсе алмай қалған.
Құтқару жұмыстары барысында туристердің біреуі құлап, басынан жарақат алғаны анықталды.
— Құтқарушылар туристер тобын қауіпсіз түрде таудан түсіріп, зардап шеккендерді Апаттар медицинасы орталығының автокөлігіне жеткізді. Оқиға орнында АМО дәрігерлері жарақат алған азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны әрі қарай тексеру және емдеу үшін медициналық мекемеге жөнелтті, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысына келетін туристерге жол бойындағы қарапайым жағдайлардың жасалмауы саланың дамуына қолбайлау болып тұрғанын жазған едік.