Алматыда травматикалық қару алып жүрген 52 жастағы тұрғын ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қару алып жүрген күдікті ұсталды.

Фото: ҰҚК

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Әуезов ауданының 10-шағынауданында сағат 21:00 шамасында «Буран-355» патрульдік экипажы күдік тудырған ер адамды байқаған. Тексеру кезінде ол өзімен бірге қару бар екенін айтқан. Содан кейін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды.

— Алдын ала мәлімет бойынша тәркіленген зат 9 мм калибрлі травматикалық тапанша болуы мүмкін. Қазір қарудың шығу тегі мен сипаттамаларын анықтау үшін сот сараптамасы тағайындалды. Сондай-ақ оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі, — деп хабарлады департаменттен.

Аталған жағдай бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Ұсталған азаматтың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Еске салайық, бұған дейін Алматының Құлжа тасжолында 20 жастағы жігіт жүргізушіні тапаншамен қорқытқанын жазғанбыз.