Алматыда Тұрғын үй кешені күзетшісінің өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа түсті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы «Меркур Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісін көлігімен бірнеше рет басып өлтірген күдіктіге қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа түсті.
— Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына күдікті Т.- ға қатысты қылмыстық іс түсті. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5 тармағы (Аса қатыгездікпен кісі өлтіру) және 147-бабының 5-бөлігі бойынша айып тағылып отыр, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сотталушыны өзінің танысы А-ға қатысты порнографиялық бейнероликтерді әлеуметтік желілер арқылы таратқаны үшін айыпталып отыр.
Сот отырысы әлі тағайындалған жоқ. Бұған дейін сотқа дейінгі тергеу сот-психиатриялық сараптамаға байланысты тоқтатылған болатын.
Кейін тергеу қайта басталды.
Еске салайық, 2024 жылдың наурыз айында «джип» көлігін мінген жүргізуші «Меркур Таун» элиталық тұрғын үй кешенінің күзетшісін бірнеше рет басып қана қоймай, оны ұрып-соққан. Салдарынан ер адам ауруханада көз жұмды.